Chinese Economy VCG/Getty Images

Тұйықтықтан құтылған жаңа әлем

НЬЮ-ХЕЙВЕН – Қалжырап-шаршаған әлем экономикасы дағдарыстан кейінгі кезеңнің ауыр сырқатынан баяулап айығып келеді. Егер Дүниежүзілік валюта қорының 2017-18 жылдары жаһанның ЖІӨ-сі 3,6 пайызға өседі деген соңғы батыл болжамы расталса, онда бұл кейінгі екі жылдағы 3,2 пайыз өсімнен аздап жоғарылайтынымызды білдіреді. Үлкен қаржы дағдарысынан бері он жыл өткенде ғана әлемдік өсім 1980-жылдардан кейінгі трендке қайта оралып, 3,5 пайыздық оң көрсеткішке жетпек.

Бірақ бұл әрлі-берлі жол әлемнің қалыпты жағдайға оралғанын білдіре алмайды. Керісінше, әлем экономикасының «жаңа қалыпты жағдайы» туралы тым көп айтылған идея әлемдік өсімнің соңғы тоғыз жылдағы даму динамикасының трансформациясын естен шығара береді.

Бір жағынан, соңғы ілгерілеу - 2017-18 жылдары ЖІӨ-сі шамамен 2 пайызға өседі деп болжанған дамыған экономикаларға тән құбылыс, бұл – соңғы тоғыз жылда орташа 1,1 пайызға ғана өскен шамадан әлдеқайда жақсы көрсеткіш. АҚШ-тың салыстырмалы түрде күшеюі (2,4 пайыз) Еуропа (1,7 пайыз) мен Жапонияның (0,9 пайыз) әлсіреуіне алып келді. Дегенмен, дамыған елдер экономикасының жылдық өсімі 1980-2007 жылдар аралығындағы ұзақмерзімді өсу трендінен (2,9 пайыз) әлдеқайда төмен деңгейде қала бермек. Қытайдың «қатты құлау» сценариіне ешқашан сенбейтіндер үшін дамушы елдердің ішіндегі ең күшті өсім Қытайда (6,4 пайыз) және Үндістанда (7,5 пайыз) байқалмақ, ал Латын Америкасы (1,5 пайыз) мен Ресей (1,4 пайыз) артта қалып қоймақ.

https://prosyn.org/bPlzPiIkk