22

Жаһанданудың қажет тұстары

ЛОНДОН – Жақында «Болашақ конгресіне» қатысу үшін әдемі ел – Чилиге барып, Латын Америкасының ең қиыр шетіне сапарлаудың сәті түсті. Оның үстіне жақында BBC-ге «Жаһандануды реттеу» деген тақырыппен деректі хабар жаздым. Онда қоғамның түрлі салаларын дамыту жөнінде идея жинау үшін Ұлыбританияны түгел аралап, белгілі мамандармен пікірлестім. Екеуінде де мен жаһандануды қорғап өзеуреудің өткен шаққа айналғанына көз жеткіздім.  

Бүгінде Чили – Орталық Америкадағы ең бай мемлекет, оның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі 23 мың АҚШ доллары шамасында, ал бұл – Орталық Еуропа елдерімен парапар көрсеткіш. Мыс өндірісіне соншалық тәуелді ел үшін бұл – үлкен жетістік, Чилиді басқалардан даралап тұратын да – осы. Басқа көп ел сияқты Чили де экономикалық қиындыққа тап болып отыр, ондағы өсім де көңіл көншітерліктей емес, ал шекараның сыртында үлкен мүмкіндіктер жатыр.

Мәселен, «Микробқа қарсы тұрушылық» жобасы аясында мыстың бактерияға қарсы тұрарлық қасиеттері көп екенін байқадым, сондықтан ол – бактерия көп таралатын денсаулық сақтау мекемелері үшін таптырмас материал. Демек, Чили, Австралия, Канада сияқты мыс өндіруші елдер бүкіл әлемдегі ауруханалар мен емдеу мекемелеріне мыстан әзірленген қолжетімді инфрақұрылым ұсыну арқылы ғаламдық денсаулық сақтау саласын жақсартып, экспорттарын да арттыра алады

Бұған қоса Чили – жер сілкінісі мен цунамиді басқару ілімінің ордасы. Сапар кезінде 2015 жылы жер бетіндегі бұрын-соңды тарихтағы алтыншы жойқын жер сілкінісін бастан кешірген Ла-Серенаға бардым. Алапат цунамиден тек 11 адам қаза тапқан, ал басқа жерлерде болса, адам шығыны бұдан әлдеқайда көп болар еді. Чили басшыларының алдын-ала дайындығы мен әбжіл қимылы көп үлес қосқан тәрізді. Жерасты дүмпулерінен қауіп етіп отырған көп ел үшін Чилидің институтталған тәжірибесі өте құнды ресурс болар еді.