kupers5_Rudzhan NagievGetty Images_sustainabilityworld Rudzhan Nagiev/Getty Images

Пандемия климат саясатын түбіріміен өзгерте ала ма

АМСТЕРДАМ – экономистер климат туралы пікірталаста ұзақ уақыт бойы басымдық танытып келген, бірақ әлі күнге дейін көзге көрінер нәтижеге қол жеткізген жоқ. Коронавирус пандемиясына қарсы жаһандық күрес мәселесіндегідей климат дағдарысын еңсеруде жүйелі ғылымға үміт артудамыз. Және желі функциялары қалай жұмыс істейтінін толық түсіну арқылы жалпыға ортақ пайдасы бар саясат қалыптастыра аламыз.

Қазіргі таңда климат саясатының басым бөлігі көмір зауыттарын жабу немесе энергия тиімділігін арттыру сынды орталықтандырылған іс-шараларды анықтаумен айналысады. Аталған шаралардың жүзеге асуы мүмкін еді, дегенмен айтарлықтай ешбір өзгеріс орын алған жоқ және ол өзгеріс табиғат талап ететін жылдамдықта болмады. Кейбір экономистер нарықтың климат саласында инновация жасауына рұқсат ету керек дейді. Бүгінде  карантин аяқталып, экономика қайта жанданғандықтан парник газ шығындыларының көлемі тағы да артып отыр.

Бұрын жұқпалы аурудың тарау жылдамдығы мен әлеуметтік дистанция терминдері жүйелі ғылым шеңберінде ғана шектелсе, қазір пандемияға байланысты күнделікті қолданысқа енді. Сонымен қатар, жоғарыдан төменге бағытталған шара коронавирусты тұтас жоймайтыны айдан анық болды. Вакцина пайда болмайынша, әлем елдерінің қолынан келер жалғыз дүние – вирус контексін өзгертіп, пандемияны тоқтату. Дәл осындай жүйелі тәсіл арқылы климат саясатын сипаттауға да болады.

Шынымен де, пандемия динамикасын климатқа байланысты проблемаларды шешу үшін қолдануға келеді. Мысалы, күн панелдерін енгізуді де «жұқтырып алуға» болады, яғни жақсы мағынада: олардың саны артқан сайын жағдай жақсара береді. Егер көршіңіз шатырына панель орнатып жатқанын көрсеңіз, сіздің де солай жасауыңыз әбден мүмкін. Күн панелдерін енгізудің деңгейі қала немесе ауданға тікелей байланысты, ал күн фотоэлектрлік технологияларын тарату жұмыстарын экономика арқылы басқару тиімсіз. Қолжетімділік пен пайда сияқты экономикалық факторларды басып озатын азаматтар арасындағы сенім деңгейі мен «инфекцияның» өршуіне түрткі жасайтын әлеуметтік құрылым күші басты дүние болса керек.

Осы тұрғыдан алғанда, саясаткерлер күн энергиясын қабылдауды күшейтуге мүмкіндік беретін супер-таратқыштарды құруға назар аударуы керек. Басқа да әлеуметтік нормалар, мысалы, қазба отынымен жүретін автокөліктерді жылдам ауыстыру, қызыл етті аз тұтыну және шамадан тыс тұтынуды тежеу - бәрі бірдей желі күштерінің типіне жатады.

Көмірді алып қарастырайық. Көмірмен электр станцияларының жұмысын тоқтатуға нақты себеп жеткілікті болғанымен көмір өндірісімен айналысатын қоғамда бұл мәселеге шектеу қою мүмкін емес. Көмірқышқыл шығындыларына салық салу теория жүзінде жұмыс істегенімен, тәжірибеге келгенде тиімсіз болып шықты. Әлем бойынша 6600 белсенді көмір қондырғысы бар, өзге 1100 қондырғы жоспарлануда немесе ендігі салынып жатыр. Көптеген банктер көмір жобаларын қаржыландыруды тоқтатты. Сол себепті барлық жаңа электр станцияларын санаулы қаржы институттары қолдап, нәтижесінде қаржы иеленген шағын, өзара бірлескен адамдар тобы пайда болды.

Тағы бір шешім – көмірден бас тартуды «жұқпалы» ету. Мысалы, көмірді жақтаушылар жыл сайын өтетін Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк жиынына келгенде немесе Давостағы дүниежүзілік экономикалық форум аясындағы флагмандық кездесуге жиналғанда ұйымдастырушылар оларды арнайы стратегиямен орналастырып, желілерін картаға түсіріп және контактілерін мақсатты түрде өзге норма жиынтығын ұстанатын желілермен толықтыра алады.

Жүйе тек әмбебап күйде қалмайды, ол күтпеген тәсілдер арқылы өзара байланысады. Мысалы, коронавирус төрт аптаның ішінде Қытайдағы парник газ шығындыларын Нидерландыдағы шығындылардың бір жылдық көлеміне тең дәрежеге дейін қысқартады деп кім ойлаған. Майда дисперсиялық бөлшектердің ластануын азайту қоғамдық денсаулық сақтау саласына тигізетін пайдасы вирус тудырған зардаптан басым болуы мүмкін. Бірақ ең үлкен қиындық қоғамдағы экономикалық әлсіз топтың өмір сүруге қажетті қаржысынан айырылуы болып қала бермек.

Климат саясаты осындай өзара байланысты ескеруі қажет. Кейбіреулердің айтуынша, қоңыр түсті электрондарды жасылға ауыстыра салу жеткілікті. Олай емес. Энергетикалық жүйе қоғамда бар барлық дүниемен өзара тығыз байланыста болғаны соншалық, өзгерістерге өте бейім және сол арқылы басқа өзгеріске түрткі жасап отырады.

Бұл климат саясатының күрделілігіне байланысты саясаткерлер үмітін үзуі қажет дегенді білдірмейді. Олар, керісінше, дәстүрлі экономика шеңберінен шығып, пандемия кезінде эпидемиолог пен дәрігерді қалай тыңдаса – дәл солай жүйені жақсы білетін адамдармен бірлесіп жұмыс істеуі керек.

Толық жетілмегеніне қарамастан климат саясатының қазіргі басқармасынан бас тартпай, оны кеңейтуіміз қажет. Коронавирус саясатының негізінде жүйелі ғылым жатыр, сол сияқты климат саясатында да ғылым лайықты орын алуы керек. Желілік эффектілерді басқару және бұған дейін қабылданған шешімдерге тәуелділікті жою оңай емес, бірақ кейбір елдердің пандемия кезінде қолданған шаралары желіні қалай сәйкестендіріп, басқаруға болатынын көрсетті.

COVID-19 дағдарысы желідегі өзгеріс арқылы кез-келген өзгерістің өте жылдам уақытта орын алатынын анық аңғартты. Әлі де жалғасын тауып келе жатқан пандемия жақсы я жаман болсын санаулы айдың ішінде жаһандық өзгерістерге алып келді; ал климат саясаты тек онжылдықта ғана қалыптасады.

Климат дағдарысына байланысты мәселені тым ұзақ уақыт шегеріп келдік. Дәстүрлі саяси әдістер конструктивті түрде шығындылар көлемін азайтуға қауқарсыз. Сайып келгенде пандемия салдарынан сабақ ала отырып, басқа ірі жаһандық дағдарысқа қарсы күресті жедел түрде бастап кете аламыз.

Роленд Куперс

https://prosyn.org/ta7Ejdikk