3

Трамп юаньды қалай тұқыртпақ?

ГОНКОНГ – Швейцарияның Давос қаласында жақында аяқталған Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы жиынында Қытай төрағасы Си Цзиньпин жаһандануды барынша қорғап, өз елінің «ашық есік» саясатын жүргізетінін тағы да қуаттады және сауда соғысын бастамайтынына, өз валютасын құнсыздандырудан пайда көрмейтініне сендірді. Арада көп өтпестен АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурацияда сөйлеген сөзінде бұған қарама-қарсы уәде берді: «protect» («қорғау») сөзін жеті рет қолданған ол «Алдымен – Америка» деген доктринаның айналып келгенде протекционизм екенін растады.

Трамп «АҚШ-тың экономикасы құлдырап бара жатқандықтан, оның еңсесін тіктеу керек» деген тұрғыда сөйледі. Ал шын мәнісінде АҚШ экономикасы соңғы екі жылда жақсы қарқын алып келеді. Басқа дамыған елдермен салыстырғанда оның экономикасы жылдам дамыды, көп жұмыс орындары ашылды, доллар да өз биігінде тұрды.

Әсіресе соңғы екі айда Трамп үкімет шығындарын арттырып, бизнестің салықтарын азайтамын деп уәде бергелі инвесторлар сапаға деген ұмтылысты арттыра түсті. Есесіне, Қытай юані біршама әлсіреді: көбіне инвестиция мен экспорттың азаюының кесірінен 2014 жылдың соңында бір доллар CN¥6.2 болса, өткен жылдың соңында АҚШ долларының бағамы CN¥6.95-ға жетті.

Трамп Қытайды «экспорттағы бәсекелестігін арттыру үшін юанды әдейі құнсыздандырып отыр» деп айыптады. Бірақ шынайы жағдай басқаша болды: юаньға қысым күшті болғанына қарамастан, Қытай юань-доллар айырбас бағамын салыстырмалы түрде тұрақты ұстады, соның кесірінен елдің шетел валютасындағы резерві 1 триллион долларға азайды.